Жаңалықтар

Астанада үш бала қайтыс болған өрт: Әшімбаев заңға өзгеріс енгізу керек екенін айтты

Астанадағы өрт, Мәулен Әшімбаев
фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Астанада үш бала қайтыс болған өрттен кейін құтқарушылар өзгелердің көлігін басып өтуге рұқсат беретіндей норма енгізу қажет пе? Бүгін Сенат спикері Мәулен Әшімбаевқа журналистер осындай сұрақ қойды.

Әшімбаев тілшілер ойымен келісіп, заңға өзгеріс қажет деген пікірде.

«Қайғылы жағдай, балалар қайтыс болды. Мұндай жағдайда арнайы қызмет ешнәрсеге қарамай өз міндетін орындауы керек. Әрине, өзгенің мүлкі деген сияқты нюанстар бар. Дегенмен адам өмірі, қауіпсіздігі, денсаулығы туралы сөз болғанда төтенше жағдай кезінде еш кедергісіз құтқару қызметін орындайтындай механизмдер қажет», – деді ол.

Бірақ өзге азаматтарға, олардың мүлкіне қатысты тұстың барлығын нақтылап бекіту керек дегенді айтады.

«Тиісті органдармен бірге қарастыру қажет, заңға өзгерістер енгізу де керек шығар. Ол қандай формада, қандай деңгейде болады, барлығын анықтап алу керек. Жалпылама қарамау керек, басқа азаматтарға қатысты мәселенің барлығын нақты бекітіп алу керек. Бұл жерде салмақты көзқарас қажет, дегенмен, ойымша, заңға өзгерістер енгізген жөн», – дейді Әшімбаев.

Еске салайық, 12 сәуірге қараған түні Астанадағы көпқабатты үйдің 15-қабатында орналасқан пәтерден өрт шығып, іште қалған үш бала қайтыс болды. Ал анасы жансақтау бөліміне түсті.

Кейін белгілі болғандай, жеңіл көліктер көпқабатты үйдің маңына дұрыс қойылмағандықтан, өрт сөндірушілер оқиға орнына жете алмай, бөгеліп қалған. Депутат Абзал Құспанның сөзінше, олар 20 минут бойы көлік иесін іздеуге мәжбүр болған екен. Бұл мәселе мәжілісте қаралып, депутаттар құрылыс компанияларына талапты күшейту керек деген мәселе көтерді.