
Су шаруашылығы саласындағы мамандар Қытайға барып, біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Алғашқы топта 34 маман бар. Министрлік мәліметінше, жыл соңына дейін 200 маман оқудан өтуі керек.
Оқу Қытайдың Чанша қаласында өтеді. Бағдарлама «Қазсушар» РМК мен Power China International Group Limited компаниясы арасындағы меморандум аясында ұйымдастырылып отыр. Барлық шығынды Қытай тарапы көтереді.
Курстың негізгі тақырыбы – «Қазақстандағы су ресурстарын пайдалану және су ортасының ластануымен күрес».
«Бағдарлама аясында су ресурстарын басқару, ластануының алдын алу және бақылау, ағын суды тазарту мен қайта пайдалану технологиялары, сондай-ақ гидротехникалық құрылыс саласында заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану бойынша дәрістер өткізу жоспарланған. Сонымен қатар мамандар Қытайдың су шаруашылығы және қалалық инфрақұрылым саласындағы тәжірибесін зерделеу үшін Чанша, Шэньчжэнь және Гуанчжоу қалаларына барады», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
2025 жылы Power China компаниясының базасында 125 қазақ маман біліктілікті арттыру курстарынан өткен болатын. Сол жоба биыл да жалғасып жатыр.
Былтыр LRT қызметкерлері де техникалық қызмет көрсету бойынша Қытайдан оқып келген еді.