Жаңалықтар

«Қазмырыштағы» жарылыс: министрлік өндірістегі қауіпсіздік әлсіз екенін мойындады

Фото: «Kursiv.Media редакциясы үшін куәгерлер түсірген сурет

«Қазмырыш» кәсіпорнындағы қайғылы жағдайдан соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев мемлекет тарапынан ірі кәсіпорындарды бақылау заңмен шектелетінін айтты.

Десе де Тұяқбаев министрліктің әр зауытты күн сайын тексеруге мүмкіндігі жоқ екенін атап өтті.

«Біз күн сайын әр кәсіпорынға барып, ішіне кіріп, тексеру жүргізе алмаймыз», деді ол Сенат кулуарында.

Нұсқамалар орындалған

Вице-министрдің айтуынша, «Қазмырыш» және басқа да ірі кәсіпорындар жоғары тәуекел аймағына жатады, онда бес-он мыңға дейін адам жұмыс істейді. Профилактикалық тексерулер былтыр да, оның алдында да жүргізілген. Компания берілген нұсқамаларды уақытында орындап отырған, айыппұл салынбаған. Алайда нақты қандай кемшіліктерді жою тапсырылғанын және мұндай нұсқамалар қанша рет берілгенін Тұяқбаев нақтылай алмады. Бұл мәселеге мемлекеттік еңбек инспекциясы жауапты екенін жеткізді.

«Қазір біз оқиғаның нақты себебін анықтап жатырмыз. Бұл кімнің кінәсінен болды? Қауіпсіздік ережесінің бұзылуынан ба, технологиялық ақаудан ба, әлде ескірген жабдықтың дер кезінде ауыстырылмауынан ба, соны тексереміз», деді ол.

Қаза тапқандардың отбасына өтемақы төленеді

Вице-министрдің айтуынша, қаза тапқандардың отбасына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы өтемақы төленеді. Негізгі жауапкершілік жұмыс берушіге жүктеледі. Әдетте ұжымдық келісімшартта марқұмның жалақысының он есе мөлшерінде өтемақы беру және балаларының мектеп пен жоғары оқу орнында тегін оқуын қамтамасыз ету қарастырылады.

Тұяқбаев биыл өндірістегі өлім-жітім 6%-ға, ал жарақат алу көрсеткіші 4%-ға төмендегенін айтты. Дегенмен бұл мақтанатын көрсеткіш емес екенін, жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті.

«Егер ірі кәсіпорында профилактикалық бақылау ұзақ уақыт жүргізілмесе немесе тұрақты шағымдар түссе, онда тиісті негіз болған жағдайда Бас прокуратураның келісімімен тексеру жүргіземіз», деді ол.

Еске салайық, «Қазмырыш» кәсіпорнының Өскемендегі аумағында шаң ұстау құрылғысы жарылған. Артынша өрт шығып, құрылымның бір бөлігі опырылып құлады. 5 мамыр күнгі жарылыстан о баста екі адам қаза тапқан. Бес адам жарақат алған. Ал 12 мамыр күні жарылыс кезінде күйік шалған тағы бір ер адам қайтыс болды.