Мемлекеттік сатып алу саласындағы қылмыс қашан тыйылады?

Жарияланды
Ведомство өкілі негізгі тәуекелдерді атады

Бізде мемлекеттік сатып алу өте нәзік мәселе саналады. Тіпті биыл жыл басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі көп жылдар бойы сыбайлас жемқорлық пен ысырапшылдық бюджет процесінің барлық кезеңдерінде байқалып отырғанын атап өткен еді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, статистикаға сәйкес, бюджет шығыстарының жалпы сомасындағы мемлекеттік сатып алу үлесі шамамен 30 пайызды (шамамен 4 трлн теңге) құрайды.

«Бұл Қазақстанның ЖІӨ құрылымында шамамен 5 пайызды құрайды, бұл нарыққа айтарлықтай экономикалық әсерін тигізді. Бюджет қаражатының мұндай айналымы мемлекеттік сатып алу жүйесінің сыбайлас жемқорлық тартымдылығын күшейтеді. Әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмысы осы салада жасалады. 2020 жылдан бастап биылғы жылдың I тоқсанына дейін 418 қылмыстық іс аяқталды, олар бойынша 162 адам сотталды» деді спикер.

Мемлекеттік сатып алу саласындағы қылмыстардың 80 пайызға жуығы орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою және сатып алу жеңімпазын анықтау кезінде бюджет қаражатын жымқырумен және парақорлықпен байланысты екен.  Мұндай фактілер негізінен құрылыс, денсаулық сақтау, білім және мәдениет салаларында жасалады.

«Мысалы, Қызылорда облысында 2021 жылы мәдениет басқармасының басшысы Әбуова сотталған, ол Жалаңтөс Баһадүр ескерткішінің құрылысына ақша қаражатын кедергісіз аударғаны үшін 1 млн теңге пара алған. Биыл Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары Балықбаев 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жолдар мен су өткізу құбырларын жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу шарттарын жасағаны үшін кәсіпкерден 1,8 млн теңге сомасында 10 пайыз пара алған. Былтыр Агенттік Атырау облысы әкімінің орынбасары Хаменованы әшкереледі, ол Атырау қаласында Абай Құнанбаев ескерткішін жасау және орнату бойынша шарт жасасқаны үшін 4,5 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Тергеу аяқталды, құжаттармен танысу жүргізілуде. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады» деп түйіндеді ведомство өкілі.

Жалпы, соңғы екі жылдың ішінде агенттікте ішкі мемлекеттік аудиттің лауазымды тұлғаларына қатысты 27 қылмыс тіркелген.

«Олар, әдетте, мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытындыларын қайта қарау үшін пара алды. Мысалы, ішкі мемлекеттік аудит мамандары шағымдарды өздері ұйымдастырған фактілер анықталды. Одан кейін өздерінің пайдакүнемдік мақсаттарын көздеп, қайтадан тексерулер жүргізген. Былтыр бір ғана ЖШС-дан осындай 1600 шағым келіп түскен, оның 900 қанағаттандырылған. Ал басқа шын өтініштер іс жүзінде ескерілмеген. Іс тергелуде» деп атап өтті спикер.

Қолданыстағы заңнамада тікелей шарт арқылы сатып алудың 47 негізі көзделген екен. Қысқарту үрдісіне қарамастан, мұндай сатып алулардың үлесі жоғары болып қалып отыр. Кейбір өңірлерде сатып алудың төрттен үш бөлігі бәсекеге қабілетсіз тәсілмен өткізіледі.

«Мысалы, 2021 жылы Түркістан облысында 324 млрд теңгенің 232 млрд теңгесі осындай тәсілмен немесе 70 пайыздан астамы өткізілді. Мұндай сатып алудың жарқын мысалы – зияткерлік меншік объектілерін сатып алу. Заңнамада авторлық құқық куәлігін алуға ешқандай шектеулер жоқ. Осы сылтаумен сценарий жұмыстары, компьютерлік бағдарламалар, ескерткіштердің эскиздері тіркеледі. Осылайша, бір көзден сатып алуды ұйымдастыру үшін қолдан жағдайлар жасалады. Сатып алуға байланысты кез келген зияткерлік жұмыс үшін авторлық құқықты тіркеу жеткілікті. Мысалы, цифрландыру саласын алайық. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері 268 млрд теңгеге 500-ге жуық ақпараттық жүйені сатып алды. Бұл соманың 80 пайызы немесе 230 млрд теңге бір көзден сатып алу тәсілімен игерілді. Бұл айтарлықтай сома. Жекелеген әзірлемелер бюджетке 9 млрд теңгеге дейін шығын келтірген» деді спикер. 

Сондай-ақ оқыңыз