Lifestyle

Siri-ге ақыл кірді: Apple жаңа iOS 27 жүйесін таныстырды

Apple компаниясы  iOS 27 жүйесін таныстырды
Жаңа жүйені таныстыру салтанаты / фото: REUTERS/Carlos Barria

Apple компаниясы iOS 27 жүйесінің жаңа нұсқасын таныстырды. Операциялық жүйе жетілген соң Siri көмекшісі де ақылды бола түсті.

Жаңа операциялық жүйе

iOS 27 жүйесін iPhone-ның 11-сериясынан кейінгілеріне, сонымен бірге Apple-дің басқа да өнімдеріне ие қолданушылар жаңарта алады. Дегенмен Siri AI көмекшісі кейінгі өнімдерде ғана пайда болады. Атап айтқанда, iPhone 16, iPhone 15 Pro, A17 Pro чипі бар iPad mini, M1 чипі бар iPad, M1 чипі бар Mac, Apple Vision Pro, сонымен бірге Apple Watch Series 10 және басқа да жаңа өнімдерге ЖИ көмекшісі жүктеледі.

Өзгерген Siri

Apple Intelligence базасында жаңа функциялар пайда болды. Енді Siri ЖИ көмекшісі Google Gemini технологиясын қолдана алады. Ол жалпы мазмұнды түсініп, күрделі ақпараттарды өңдейді. Бұған қоса, көмекші қолданушы нұсқауымен сурет салып, интернеттен ол туралы ақпарат іздеп, суреттің қайда түсірілгенін таба алады.

Siri AI бүкіл қосымшаларға қосылды.

Mac-та жаңарған операциялық жүйе Golden Gate деген атауға ие болды. Онда да Siri AI бар. Жүйе файлдармен жұмыс істеуге, оларды хабарлама немесе пошта арқылы жолдауға көмектеседі.

Apple басшысы Тим Кук
Тим Кук компания басшылығынан 2026 жылғы күзде кетеді / фото: REUTERS/Carlos Barria

Сурет өңдеу жеңілдеді

Сонымен бірге суреттегі нысандарды ерекшелеп көрсетіп, ол туралы ЖИ-көмекшіден мағлұмат алуға болады.

iPhone камерасындағы Visual Intelligence енді заттарды таниды. Ол сурет қайда түсірілгенін анықтап, адамның қолындағы не зат екенін біле алады.

Сурет өңдеуші оған фон қосып немесе артық нысандарды алып тастайды. Көмекші жазу барысында қате кеткен тұстарын ерекшелеп көрсетіп береді.

iOS 27 қолданушылар енді Liquid Glass интерфейсінің қаншалықты мөлдір екенін реттей алады.

iOS 27 жүйесінің алғашқы бета-нұсқаларын 8 маусымнан бастап жаңартуға болады. Қалғандары оған шілде айында қосылады. Ал күзде, Apple-дің жаңа құрылғысы шыққан уақытта, операциялық жүйенің толысқан релизі таныстырылады.

Айта кетейік, Apple бас директоры (CEO) Тим Кук компаниядағы соңғы өнімін таныстырды. Ол 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап орнын босататынын ресми түрде жариялады.

Бұған дейін Kursiv.Media жиналмалы жаңа iPhone Ultra-ның дизайны мен түсі қандай болатыны туралы жазған.