Қарағанды облысынан Павлодар облысындағы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жеріне жеткен қызыл жалын 6 мың гектар жерді шарпып өтті. Бұл туралы Павлодар облысының әкімдігі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, өрт аумағы шамамен 6 мың гектар жер болған. Өрт сөндіру жұмыстары әлі де жүргізіліп отыр. Қатты соққан жел мен биік шөптер тілсіз жауды одан сайын өршітіп жіберген.
Өңір әкімі Асайын Байханов кеше түнде аймақтық жедел штабтың отырысына қатысты. Өртті ауыздықтауға 310 адам, 51 арнайы техника, 1 әуе кемесі және 3 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған. Жергілікті атқарушы органдар өрт сөндірушілерге қажетті тамақ пен арнайы техниканың жұмысына арналған отынмен қамтамасыз етіп отыр.