Демалыс күндері Алматы облысының Қаскелең қаласында әуе шарлары фестивалі өтеді. Бір мезетте әуеге отыздан астам ірі шар көтеріледі. Азаматтар аэростаттармен ұшуға мүмкіндік алады.
Халықаралық Qazaqstan International Balloon Festival салтанаты 6-7 маусым аралығында ұйымдастырылады.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, Қаскелеңде демалыс күндері ұзындығы 15 метрге дейін жететін алып әуе батпырауықтарының шоуы да өтеді. Фудкорттар, кемпинг пен бүкіл отбасыға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.
«Іс-шараның ең әсерлі сәті әуе шарларының бір мезетте аспанға көтерілуі болмақ. Қонақтар аэростатпен ұшып, Іле Алатауының бөктері мен Қаскелеңнің көркем табиғатын құс көзінен тамашалай алады», – деп таратты өңір әкімдігі.