Өзбекстан футбол қауымдастығы 2026 жылғы Әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құраманың кеңейтілген тізімін жариялады. Бас бапкер Фабио Каннаваро мұхит асып, АҚШ пен Канададағы оқу-жаттығу жиынына аттанатын 30 футболшыны таңдап алды. Алайда турнирдің ресми додасына тек 26 ойыншы ғана жолдама алады.
Өзбекстан футбол ассоциациясының вице-президенті Равшан Ирматовтың айтуынша, төрт футболшыны сақтық үшін алған.
Тізімде қазақстандық жанкүйерлер үшін де таныс есімдер бар. Құрамда отандық премьер-лигада доп тепкен «Ақтөбе» мен «Тобылдың» намысын қорғаған шабуылшы Игорь Сергеев және «Қайратта» ойнаған жартылай қорғаушы Жасур Жалолиддинов Әлем чемпионатында бақ сынауы мүмкін. Өкінішке қарай, алматылық «Қайраттың» тағы бір бұрынғы қорғаушысы Иброхимхалил Юлдошев жарақатына байланысты бұл тізімнен тыс қалды.