Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Түркия бизнес форумында бизнеске қолайлы жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде атап өтті. Бүгінде елде шетелдік капиталды тарту мен кәсіпкерлерді қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Мемлекет басшысы инвесторлармен жұмыс істеудің тиімді тетіктері іске қосылғанына тоқталды. Атап айтқанда, президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. Арнайы Инвестициялық штаб жұмыс істеп тұр. «Бір терезе» қағидатына сай қызмет көрсететін Ұлттық цифрлық платформа іске қосылды.
Инвесторларға арналған жеңілдіктер: Altyn Visa бағдарламасы
Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік кәсіпкерлер үшін қолға алынған Altyn Visa бағдарламасының артықшылықтарын ерекше атап өтті. Оның негізгі мақсаты — инвесторларға салық және көші-қон жеңілдіктерін ұсыну. Мемлекет басшысы түрік кәсіпкерлерін осы бірегей мүмкіндікті белсенді пайдалануға шақырды.