Фото: kursiv.media
Қазақстан Палестинаға 38 тоннадан асатын гуманитарлық көмек жібереді. Оған азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар кіреді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Палестинаға қосымша гуманитарлық көмек жіберуді тапсырған.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл мәселе ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен комиссия отырысында талқыланған.
«Гуманитарлық көмекке жалпы салмағы 38 тоннадан асатын азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар кіреді», – делінген хабарламада.
Бұл жүк жақын арада әуе көлігімен жөнелтіледі.
Қазақстанның қолдауы Газа секторында орын алған гуманитарлық апатты жағдайға байланысты Палестина еліне көмек көрсетуге бағытталған.
Бұған дейін Қазақстан Палестина халқына $1 млн көлемінде гуманитарлық көмек көрсеткен болатын.