Әлеуметтік желілерде таралып жатқан қазақстандық сауда сөрелерінде сібір жарасын жұқтырған ет өнімдері түскені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ақмола облысының Қосшы қаласында сібір жарасы ошақтарының болуы туралы хабарлама да жалған болып отыр. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетейік, Ақмола облысы Жарқайың ауданы Үшқарасу ауылында халық арасында сібір жарасының терідегі түрі тіркелді. Барлық науқастар медициналық қызметкерлердің бақылауына алынды, клиникалық хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр.
Аудандық полиция бөлімі ауылда ауыл шаруашылығы өнімдерін әкетуді шектейтін блок бекеттер қойып, карантин жариялады.
«Үшқарасу» ЖШС мал шаруашылығы кәсіпорнының директорынан малдың өлімі туралы хабарлама 28 тамызда келіп түсті. Ет жедел түрде тәркіленіп, өлген мал жойылды.