Британдық «Тоттенхэм» футбол клубының бұрынғы директоры Скотт Мунн ресми түрде Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) жаңа бас хатшысы болып тағайындалды.
Шешімді Федерацияның Атқарушы комитеті 27 сәуірде қабылдаған.
«Бұл тағайындау қазақ футболы тарихында алғаш рет болып отыр. Федерация басшылығына Англия Премьер-лигасында жұмыс өтілі бар, Еуропаның беделді клубтық турнирінің бірінде жеңіске жеткен тәжірибелі маман тағайындалды. С.Мунн федерацияның жаңа басшылығы бастаған реформаларды жалғастырады», – делінген ҚФФ баспасөз хабарламасында.
Енді Мунн төрешілікті реформалау, академиялар мен инфрақұрылымды дамыту, клубтарды басқару және лицензиялау стандарттарын көтеру, тұрақты коммерциялық және медиа базаны қалыптастыру, сондай-ақ, УЕФА және ФИФА-мен ынтымақтастықты тереңдету сынды жұмысты өз мойнына алмақ.