Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия королі Филипп Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысына қатысты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Мемлекет басшысы соңғы 20 жылда бельгиялық компаниялар Қазақстан экономикасына 15 млрд доллардан астам инвестиция салғанын айтты.
Президенттің сөзінше, Бельгия Қазақстанның ірі 10 инвесторының қатарына кіреді. Екі ел арасындағы сауда көлемі биылғы сегіз айда шамамен 10%-ға өскен. Қазақстанда агроөнеркәсіп, медицина, фармацевтика, энергетика және технология салаларында 100-ден астам бельгиялық және бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Тоқаев екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің негізгі бағыттары ретінде көлік-логистика, жасанды интеллект, энергетика және мұнай-химия салаларын атады. Сондай-ақ Қазақстан мен Бельгия арасындағы аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу саласындағы серіктестіктің әлеуетіне тоқталды.