4 шілде күні Румынияның Галати қаласында қазақстандық теңіз флотына «Taraz» және «Liwa» мұнай танкерлерін салтанатты түрде қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз» баспсаөз қызметі.
ҚМГ Мұнай тасымалдау және логистика департаментінің директоры Марат Орманов «Taraz» бен «Liwa» сатып алу арқылы Транскаспий бағытын дамытуға маңызды қадам жасалғанын айтты. Бұл танкерлерді сатып алу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұнай экспортының баламалы бағыттарын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылған.
Дедвейті 8 000 тоннаға жететін жаңа танкерлердің иесі – «Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd» бірлескен кәсіпорны. Оған «Қазтеңізкөлікфлоты» Ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы мен БАӘ-нің «Abu Dhabi Ports Group» компаниясы иелік етеді.