Ішкі істер министрлігі қаржы қызметкерлері мен бухгалтерлерге Telegram мессенджері арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа әдісі туралы ескерту жасады.
Министрліктің айтуынша, алаяқтар азаматтармен Telegram мессенджері арқылы байланысып, өздерін мемлекеттік органдардың, компаниялар мен ұйымдардың басшылары ретінде таныстырады. Олар шынайы басшылардың фотосуреттері мен деректерін пайдаланады.
Қаскөйлер директордың, басшының немесе басқа да лауазымды тұлғаның атынан қызметкерлерге шұғыл түрде көрсетілген есепшотқа ақша аударуды, қызмет ақысын төлеуді, қандай да бір тауар үшін қаражат жіберуді немесе өзге де қаржылық операцияларды орындауды талап ететін хабарламалар жібереді.
Көбіне мұндай хабарламаларды бухгалтерлер, қаржы қызметкерлері және ұйымның қаражатына қолжетімділігі бар тұлғалар алуы мүмкін.