Түркияның Балыкесир қаласында жоспарлы ұшу кезінде F-16 жойғыш ұшағы апатқа ұшырады. Бұл туралы Yeni Akit хабарлады.
Ұшақ елдің 9-шы негізгі авиациялық базасына тиесілі болған.
Түркия қорғаныс министрлігі ұшақтың құлағанын растап, оның жергілікті уақыт бойынша сағат 00:56-да радардан жоғалып кеткенін нақтылады.
«Ұшағымыздың апатқа ұшырағаны анықталды, сондай-ақ оның сынықтары табылды», – делінген мәлімдемеде.
БАҚ-тың жазуынша, F-16 Ыстанбұл – Измир бағытындағы адам көп жүретін тас жолға құлаған. Апат салдарынан жойғыш ұшақтың ұшқышы қаза тапты. Балыкесир губернаторы Исмаил Устаоғлу оның отбасына көңіл айтты. Аймаққа құтқару жасақтары жіберіліп, оқиғаның себептері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.