Алматының орталығындағы Димаш Құдайберген бейнеленген муралды қалпына келтіру жұмыстары 25 қыркүйектен кейін басталуы мүмкін. Бұл туралы Алмалы ауданы әкімінің аппараты Kursiv.Media жолдаған ресми сауалға берген жауабында хабарлады.
Айта кетейік, биыл 30 наурызда Димаш Құдайбергеннің муралы боялып тасталғаны белгілі болған еді. Сол кезде бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушылары мен қала тұрғындарының наразылығын тудырған.
Алмалы ауданы әкімдігі наурызда муралдың жағдайы нашарлағанын айтып, қабырға автордың келісімімен қайта өңделетінін мәлімдеген. Әкімдік жарамсыз болып қалған сурет өшіріліп, оның орнына жаңа портрет салынатынын хабарлаған еді.
Алайда содан бері бірнеше ай өтсе де, Димаштың жаңа муралы пайда болған жоқ.