Күн астрономиясы зертханасының хабарлауынша, G3 деңгейіндегі күшті әрі ұзаққа созылатын магнит дауылы 4 маусым кешкісін басталуы мүмкін.
Болжам бойынша, белсенділік Астана уақытымен сағат 21.00-ден кейін арта бастайды. Дауылдың шарықтау шегі 5 маусымға қараған түні және сол күні таңертең күтілуде.
Оған себеп – 3 маусымда Күннің бірқатар күшті жарқыраулардан кейін шығарған бірнеше плазма бұлты. Ғалымдар олардың бірігіп, бір үлкен ағынға айналатынын болжап отыр.
Магнит дауылдары G1-ден G5-ке дейінгі шкала бойынша бағаланады. G3 деңгейі күшті деп саналады, бірақ рекордтық емес. Биыл мұндай дауыл 21 наурызда болған, ал 19-21 қаңтар аралығында бұдан да қуатты – G4 деңгейіндегі құбылыс тіркелген.